logo
1-11 сыныптарға қабылдау

Толық емес отбасындағы бала – тәрбие ерекшеліктері

10 тамыз 2020

Элитные школы в Алматы

«Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Отан отбасынан басталады» дана халқымыздың осы сынды мақал-мәтелдері ежелден күнделікті өмірде, салт-дәстүрлерде өз көрінісін табады. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық, «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп тұжырымдаған бабаларымыздың бұл жазылмаған заңдылықтары қазірде қаншалықты сақталуда?

Толық емес отбасының әрқайсысы өз ерекшеліктері мен бала дамуына да әсері әр түрлі болады:

  • ажырасқан отбасыларда жасөспірім көп жағдайда ата-анасының конфликтілі дисгармониялық қарым-қатынасына куә болады;
  • жалғызбасты ана немесе әкелердің толық отбасы болған кездерін еске түсіру көбіне жағымды эмоциялар тудырады;
  • анасымен ғана болатын балалар – нақты, реалды отбасылық қарым-қатынас, отбасылық қызметтерді сезінбейді.

Қазіргі кезде тек қана аналары бар отбасылар саны көбейіп келеді.

«Толық емес» немесе «ажырасқан отбасы» бұл сөзді естіген құлаққа үйреншікті дүние деп қабылданатын болды. Алайда, осындай отбасында тәрбие көрген баланың психологиялық денсаулығы, өмірді қабылдауы ерекшеленетіні сөзсіз. Бала үшін отбасы  — ол жылулық пен мейірімділіктің, махаббаттың көрінісі, баланы ол жерде әрдайым күтеді, кез-келген жағдайда балаға қамқорлық көрсетеді. Бұл — идеалды көріністегі отбасы. Толық отбасынан толық емес отбасына айналу —  ата-анаға да, балаға да ауыр соққы. Алайда, ата-ана қалыптасқан тұлға ретінде өз істеріне жауап бере алады. Ал бала даму үстінде, оның жан дүниесіне, өмірге деген көзқарасына кез-келген нәрсе әсер етеді. Толық емес отбасындағы бала үшін ең бірінші соққы, ол  – ата-ананың жиі ұрыс-керісі, әкенің не ананың ішімдік ішуі, әкенің анасына қол көтеруі. Бұл жағдайда отбасы өзінің қамқоршы функциясын жоғалта бастайды. Ашу үстіндегі ата-ана өз өшін балаға ұрсу, балағаттау арқылы шығарады. Келесі соққы ол – ажырасу. Бала үшін ана – жарық күн болса, әке – асқар тау. Жанына жақын екі адамның бір-біріне деген ренішін көрген бала, екі оттың ортасында қалғандай болып өз-өзін кінәлі сезінеді. Қолынан ештеңе келмейтіндей сезініп, өз ойын ашық жеткізуге жүрексініп, жасық болып өседі.

Толық емес отбасындағы балалар толық отбасындағы балаға қарағанда, өзін кем санай бастайды. Сондықтан баланы ақыл-оймен, төзімділікпен, психологиялық тәрбиемен бағыттау қажет. Тәрбиелікке жету оңай емес. Балаға ең бірінші әділетті қоғам мен өмір сүрген ортасының имандылық тәлімі қажет. Тәрбиелі адам – шынайы парасат пен мінезге бай болатыны белгілі. Екінші бір бала тәрбиесіндегі тәрбиелікке үйретудің пәрменді тәсілі — адамдардың балаға тәлім етер жеке бастарының үлгісі, олардың өзара сүйіспеншіліктері, айналасындағы жандармен сыйластықтары, тіпті олардың табиғатқа деген көзқарастары. Сондықтан да халық даналығы «Адамнан адам тәлім алады, ағаштан ағаш мәуе алады» деп бекер айтпаса керек.

Ажырасқан отбасылардағы бала психологиялық көмекке зәру болады. Қазіргі тұрмыс-тіршілігімізде эмоциялық дауылдар мен кездейсоқ кереғарлықтар тым көбейіп отыр. Бүгінгі таңдағы ұрпақ тәрбиесін қиындатып отырған негізгі себептердің бірегейі деуімізге әбден болады. Баланың жанын жаралайтын ажырасудың нәтижесіндегі психологиялық жаман әсерлер үнемі жалғаса берсе, оның ішкі қарсылығын оятып, бірте-бірте тұрақтанған қарама-қайшылықты мінез-құлқын қалыптастырады. Бұдан кейін ол ешқандай психологиялық хабарларды қабылдамайтын күйге ауысады. Жалпы ішкі қарама-қайшылықтары мол адамдар ашуланса да, өкпелесе де, өзін-өзі тоқтата алмай ұзақ әуреленеді.

Кейбір жағдайларда бала ата-анасының ажырасуында өзін кінәлі деп санап, әкесін (немесе анасын) ұстап қала алмағандығын қатты қайғырады.

Бір балада мұң басым болса, басқасында ол ашу-ызамен көмкеріледі, үшіншілері өздерін кінәлі сезініп, өз-өздерін ұяттымын деп ойласа, төртіншілері әкесімен қоса анасын да жоғалтып аламын ба (?) деген қорқынышпен әкесінің кеткеніне не ашуланарын, не мұңаярын  білмей қиналады. Эмоциялар әр индивитте әртүрлі көрінуі мүмкін – мұң, қайғы, ауырсыну сезімдері, ашу-ыза, кінә сезімі және қорқыныш – бұлардың барлығы баланың ата-анасының ажырасуына көрсететін қалыпты реакциялары.

Бұлар тек жай ғана реакциялар емес, егер бала психикалық жағынан сау болса, онда осы эмоциялардың біреуіне ғана жауап қайтару керек, яғни реакциясы бір түрде ғана болуы қажет.

Ажырасудан кейінгі күйзелісті барынша жеңілдету үшін баланың үйден бөлек кеткен әкесімен (анасымен) ашық сөйлесіп, бос уақыттарын бірге өткізуі, материалдық және рухани жағынан қамтамасыз етіп, баланың өзіне керек екеніне, қандай жағдай болмасын әкесі (анасы) баласын жақсы көретінін сездіртуі маңызды.

Әсіресе, толық емес отбасында ұл балаларға өте қиын болады: олар қоғамды әйел билейді, ал ерлер ешкім емес деген ойға келуі де мүмкін. Осыған қарамастан олар өз аналарын қорғаумен болады да, өз жеке өмірлерін елестете де алмайды. Нәтижесінде, олар өздерінің гетеросексуалды құмарлықтарын сезінбейді де. Кейбір жағдайларда керісінше, жасөспірімдер аналарына қарсы шығып, үйден қашуы да мүмкін. Осының барлығының нәтижесінде жасөспірімдер әйелдерге жаман іс-әрекет жасауға бейім болып тұруы да осыдан.

Отбасыдағы ата-ананың ажырасу жағдайы тек ұл балаға ғана әсерін тигізіп қоймай, сонымен қатар қыз балаларға да біршама кері әсер етеді. Қыз балаларға да, ұл балаларға секілді әйел мен ер адамның қарым-қатынасы туралы бұрмаланған түсініктер тән болады. Нәтижесінде олардың жыныстық идентификациясы өте өзгермелі келеді.

Ажырасқан отбасындағы баланың жан дүниесі жарақаттанады. Үлкендер жағы өздерінің қателіктерін мойындаумен қоса, баланы тыныш қалпында қалдырғаннан артық шара жоқ. Ендігі жерде әке де, шеше де баламен достасуды ойлау керек. Осының бәрін табиғи қалыпта дамытуды ескерген жөн. Мұндай өзгерістер мен игерулердің жалпы жағдайы мөлшермен төмендегідей сипатта болуы мүмкін:

  • баланы міндетті түрде тәрбиелеу қажет. Ал, қайыра жаңа көзқараспен тәрбиелеу үшін, үлкендер жағы үзілді-кесілді өздерін тексеру қажет. Баланың келешегіне керек ендігі тәрбие, соншама үлкен тазалықты талап етеді;
  • ешқандай күш көрсету тәлімін жүргізуге болмайды. Бұл – баланың келешігін сындыру мен құрту деген сөз;
  • үлкендердің қатаңдығы мен қатыгездігі арқылы баланы жасытып жөндеймін деу, барып тұрған надандық. Тек қана мейірімділік пен сүйіспеншілік екі жақты да адамдық сипатқа жеткізетінін бірден ұққан жөн;
  • психологиялық түзету жүргізетін кезеңдердің бәрінде де, басынан бастап, тек қана төзімділік керек. Тәрбиелік іс-әрекет үстінде – сабырлы ілтипат, салқынқандылық, ұстамдылық қажет;
  • баланың саналы түсінгендігіне сенім көрсете отырып, өзара қарым-қатынастың жетістігі дәлелді де, мазмұнды болғаны жөн. Жеткен жетістіктер әділетті бағаланғанымен, тым асыра мадақтаудың да орын алмауын қадағалау есте болды. Артық айтқан мақтау сөз, ешқандай жақсылық әкелмейді.

Қорыта келе, ажырасудың бала психологиясына әсері ауыр болатыны сөзсіз. Ол болашақ тұлғаның қалыптасуына кедергі келтіріп, әрі болашақта сол баланың отбасын құруға деген қорқынышына әкеп соғуы мүмкін. Егер баланың санасын таза кітапқа теңесек, оның авторы — ата-ана, редакторы — мұғалімдер мен психологтар, көркемдеуші редакторы — айналасындағы достары мен қатарластары. Сондықтан толық емес отбасындағы балалардың санының азаюы мен сапасының жақсыруы үшін, тек психологтар емес қоғам болып бірге ат салысуымыз, біздің қазақ бабаларымыздың асыл мұрасын жалғастырушы ұрпақ ретіндегі парызымыз.

Отбасылық өмірге аяқ басқан ерлі-зайыптылар, бір- бірі үшін және болашақ ұрпақ үшін жауапкершілігі барын сезініп,балаларына үлгі-өнеге көрсете отырып, отбасын өмірінің бар байлығы, құндылығы ретінде қабылдаса, болашақ ұрпақ та, қоғам да жақсарады деп сенемін. Әлемді жақсы жағына өзгерткің келе ме, онда өзіңнен баста!

Көзі: 5psy.ru


Кері қайту